Қазақстандық мұсылмандарға биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салынады. Бұндай шешімді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалар кеңесі қабылдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Діни басқарма бұл шешімді шығаруда келесідей негіздерді басшылыққа алған.
Ақпаратқа сәйкес, биткоин (Bitcoin, BTC) – орталықсыздандырылған, тек қана дүниежүзілік желіде жүзеге асатын виртуальды валюта. Бұл жүйені әлемдегі ешбір банк, агенттік немесе мемлекеттік органдар қадағаламайды әрі ол еш жерде басылып шығарылмайды. Бұл валюта – «Bitcoin Mining» деп аталатын процесс, яғни математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқылы шығарылады.
Негізі ұлттық валюталар алтын немесе ішкі өнім бойынша қарастырылады. Ал биткоин ешқандай дүниемен қамтамасыз етілмеген. Кез келген адам компьютер арқылы өз ақшасының орталық банк жүйесі бола алады. Сондай-ақ, дүниежүзілік желінің әрбір мүшесі бұл операцияларды ешбір делдалсыз, ешкімнің қадағалауынсыз жүргізе алады, – делінген хабарламада.
Шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт. Ал биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған. Нақты активтері жоқ, орталықтандырылмаған виртуальды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсуі немесе түсуі мүмкін. Бұдан адамдар зиян шегеді. Сондықтан бұл валютамен шұғылдану адамның мал-дүниесін арам жолмен жеуге әрі оның құқықтарын жоюға алып барады, – делінген хабарламада.
Екіншіден, басқарма пікірінше, сауда-саттықтың дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушысы және ақша мен тауар белгілі болуы – шарт.
Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Өйткені ол шифрлау принциптеріне сүйенеді әрі іс барысында адамның деректері туралы ақпарат болмайды. Биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек», – деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.
Үшіншіден, Басқарма сауда-саттықта зиянға жол берілмейтіні келтірілді.
Биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады. Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсерін беріп, қоғамның тұрақсыздануына алып баруы мүмкін. Өйткені ол арқылы тыйым салынған сауданың таралуы, ақшаның жымқырылуы, деструктивті топтардың қаражат аударымдары орын алуы ықтимал. Осыған орай, биткоин криптавалютаны ақша деп негізге алатындай ешқандай ұлттық валюталардың сипаттары мен шарттары жоқ. Оған қоса бұл валютада (ғиш) алаяқтық, белгісіздік, мемлекет пен жеке тұлғаларға зиян тигізу қаупі бар. Сондықтан бұған тыйым салынады, – деді ғұламалар кеңесі.
Бұған қоса ҚМДБ Мысыр елінің пәтуа комитеті және Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі биткоинға тыйым салғанын еске салды.
«Биткоин» криптовалютасы белгісіздік, алаяқтық және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіретіндіктен шариғат бойынша пайдалануға тыйым салынады, – делінген Үкімде.