Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов қысқы спорт саласындағы бірқатар проблемаларға назар аударды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның пікірінше, Милан мен Кортина қалаларында өтетін қысқы Олимпиада алдындағы дайындыққа қатысты нақты есеп берілмей отыр.
«Биыл Қазақстан спортшылары ақ Олимпиадаға 23 лицензиямен қатысады. Алайда Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиададан тек бір медаль алуымыз мүмкін деп мәлімдеді. Бұл қысқы спортты дамытудағы нақты стратегияның жоқтығын көрсетеді», – деді депутат.
Ол сондай-ақ бірнеше маңызды мәселелерді атап өтті:
Спортшылардың дайындығы қажетті деңгейде ме және Олимпиададан нақты қандай нәтиже күтуге болады.
Спорт және денешынықтыру істері комитетінің ресми сайтында мемлекеттік тілде мардымды ақпарат жоқ. Бюджеттің орындалуы туралы деректер 2022 жылдан бері жаңартылмаған. «Дайындыққа бөлінген 13,3 млрд теңгенің есебі қайда?» – деді Қасқарауов.
Алматы облысындағы «Қысқы спорт түрлерінен республикалық Алатау жоғары спорт шеберлігі мектебі» үш жылдан бері жабық тұр. 2022–2023 жылдары оның күрделі жөндеуіне бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда мектеп әлі іске қосылмаған. Сол кезде оған жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінуінің себебі түсініксіз.
Риддер қаласындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде құрылыс жұмыстары да аяқталмаған. 250 бала оқитын мекемеге жыл сайын 2 млрд теңге бөлінеді, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді.
Олимпиада алдындағы маңызды сәтте ту ұстап шығатын спортшы тапшылығы бар. Халық пен жанкүйерлер көк байрақты көтеретін адамның жоқтығына шағымдануда, бірақ министрлік әлі үнсіз.
Депутаттың пікірінше, төрт жыл жеткілікті мерзім, алайда әлсіз және мықты тұстар анықталып, жүйелі жұмыс жүргізілмей отыр.
«Бір жүлденің құны 13 млрд теңге жұмсалған ба?» – деп сұрады депутат.
Данияр Қасқарауов ұлттық құрама мүшелерінің дайындықтарын толық қамтамасыз ету мемлекет тарапынан жүзеге асып отырғанына қарамастан, спортшылардан нақты нәтиже күтудің заңды әрі орынды екенін атап өтті.