Бір басында бес банк картасын ұстайтындар бақылауда болады

Редактор
14 февр. 2025 г., 16:00
Бір басында бес банк картасын ұстайтындар бақылауда болады

Елімізде банк картасына бақылау күшеймек. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің хабарлауынша, енді бір банктен 5 немесе одан да көп картасы бар азаматтар салық органдарының назарында болмақ, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұдан былай бір банктен бірнеше карта ашқандарды заңсыз ақша айналымына қатысы болуы мүмкін деген арнайы санатқа кіргізеді. Қаржы ұйымдары бірнеше картасы бар клиенттің кімге ақша аударғанын, кімнен ақша түскенін тексеріп, ақпаратты сақтап отыруға міндеттеледі.

Құзырлы органдар бүгінде алаяқтарға ұрланған қаражатты шығаруға көмектесетін дропперлер көбейгенін жиі айтады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәлімдеуінше, бұл шаралар сонымен қатар есірткі саудасына тоқтау салмақ.

"Заңсыз есірткі айналымы тәуекелдерін барынша азайту мақсатында және дроперлер санын азайту үшін қабылданған. Осыған орай банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы қосымша мәлімет сұрауы мүмкін”, – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма бас маманы Асқар Сейданов.