«Бір бала ауруханада»: Маңғыстау облысында оқушылар арасында жаппай төбелес болды

Редактор
12.05.2025, 23:36
«Бір бала ауруханада»: Маңғыстау облысында оқушылар арасында жаппай төбелес болды
Білім басқармасы тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр

Маңғыстауда мектеп оқушыларының жанжалы ауруханаға жеткізумен аяқталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Мұнайлы ауданындағы №12 жалпы білім беретін мектепте болған жанжал салдарынан 8-сынып оқушысы жарақаттанып, облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды. Бұл туралы жергілікті билік пен салалық басқармалар мәлімдеді.

Жасөспірім анасының айтуынша, сыныптастары арасындағы келіспеушілік өткен жылдың қазанында басталғанмен, мектеп әкімшілігі тиісті шаралар қолданбаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушының жағдайы қазір тұрақты, бүгін, 12 мамырда ауруханадан шығарылуы жоспарланып отыр.

Аталған оқиғаға байланысты мектепте зардап шеккен баланың ата-анасымен, мектеп әкімшілігімен, полиция қызметкерлерімен және медицина мамандарымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында білім беру ұйымында оқушылар арасында қақтығыстар мен буллинг деректері бұрын да болғаны, алайда бұл жағдайлар тиісті органдарға жеткізілмегені белгілі болды.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, төбелеске қатысқан оқушылардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар, оқушылар мен олардың ата-аналарына профилактикалық психологиялық жұмыстар жүргізілген.

Қазір бұл оқиға Мұнайлы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Білім басқармасы тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.