Берешегі бар 3 млн-ға жуық адам құмар ойындардан шеттетілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, лудоманияға қарсы күрес мақсатында былтыр ойын бизнесі және лотерея салаларында ауқымды заңнамалық түзетулер қабылданған. 8 кодекс пен 14 заңға букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеуді, мемлекеттік қызметшілер мен борышкерлердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салуды, ойын бизнесі субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуді, онлайн-казинолар пайдасына транзакцияларды бұғаттауды көздейтін 150 түзету енгізілді.
Материалдық берешегі бар азаматтардың жағдайын одан әрі қиындатпау үшін Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тіркелген 3 миллионға жуық адам құмар ойындардан шеттетілді. Бүгінде аталған тізілімге енгізілген 15 мыңға жуық азаматтардың аккаунттары бұғатталды. Қазіргі уақытта, Әділет және Цифрландыру министрліктерінің қолдауымен бәс тігушілердің ЖСН-дерін автоматты түрде борышкерлер тізілімімен сәйкестендіру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Мирас Төлебаев.
Сонымен бірге борышкерлерден бәсті қабылдаудың 80 фактісі бойынша 5 букмекерлік кеңсеге қатысты әкімшілік іс қозғалып, 1 субъект жауапқа тартылды. Борышкерлерден бөлек 85 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерге, 70 мың әскери қызметшіге, 100 мыңға жуық құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкеріне құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынды.