Бектенов: Инвестиция тарту – әкімдер мен министрлердің басым міндеті

Редактор
20 февр. 2025 г., 14:36
Бектенов: Инвестиция тарту – әкімдер мен министрлердің басым міндеті

Премьер-министр мемлекет басшысының еліміздің экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарау жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 1,85 трлн теңгеге 230 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Инвестициялық штабтың жұмысы бір жыл ішінде жалпы құны $50 млрд-тан асатын жобалар бойынша инвесторлардың 115 проблемалық мәселесін жоюға мүмкіндік берді. Ұсынылған жобалардың ішінен биыл 14 жоба бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасасу қарастырылып отыр. 13 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы, тағы 16 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау жоспарланып отыр.

Премьер-министр іске асыру мерзімдері шегерілген инвестициялық жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстары мен Астана, Шымкент қалаларының әкімдері және денсаулық сақтау, сауда министрлері баяндама жасады.

«Бүгінде әкімдіктер тарапынан инвестиция тарту бойынша қабылданып жатқан шаралары өңірлердің әлеуетін ашып көрсетпейді, экономикалық әлеует жеткілікті пайдаланылмай отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті өзін-өзі басқару вертикалының барлық деңгейінде, оның ішінде аудан әкімдері деңгейінде де жүргізілуі тиіс», – деп тапсырды премьер-министр.
Өңір әкімдіктері, министрліктер жұмысының жоспарлы көрсеткіштерін енгізу бойынша тәсілдер мақұлданды.

Сонымен қатар кеңес барысында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігіне әсер ететін және шара қолдануды талап ететін бірқатар түйткілді мәселе атап өтілді. Олардың қатарында инфрақұрылымның тапшылығы мен жедел қамтамасыз етілмеуі, күрделі әкімшілік рәсімдер мен рұқсат берудегі кідірістер, жер телімдерін берудің ұзақ мерзімдері бар. Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

«Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту басы артық бюрократиядан арылып, жедел ведомствоаралық үйлестіруді талап ететін аса маңызды жұмыс екенін айтты. Мемлекеттік органдар, әсіресе әкімдіктер жобаның іске асырылу барысын «тікелей» бақылауы керек. Әкімдер мен министрлер инвестиция тартумен күнделікті айналысып, бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешуі қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл бағыттағы жұмыстар премьер-министрдің ерекше бақылауында.