Бәрі педофил ме? Telegram-дағы 8 мың оқырманның басы бәлеге қалуы мүмкін

Редактор
27.03.2025, 17:44
Бәрі педофил ме? Telegram-дағы 8 мың оқырманның басы бәлеге қалуы мүмкін
Арна балалар бейнеленген роликтерді 2500 теңгеге ұсынған

Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты порнография таратқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Түркістан облысының прокуратурасы «Telegram» әлеуметтік желісіне жүргізілген талдау барысында кәмелетке толмағандарға қатысты порнографиялық материалдарды ұсынатын ақылы арнаны анықтады.

Тексеру нәтижесінде жазылушыларға 2500 теңге төлеген жағдайда балаларға қатысты бейнероликтерге қолжетімділік берілгені белгілі болды. Бұл арнада 8012 жазылушы тіркелген, олардың басым бөлігі – Қазақстан мен ТМД елдерінің тұрғындары.

14 наурызда облыс прокуратурасының үйлестіруімен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қылмыстық топтың мүшелерін Түркістан және Қызылорда облыстарында ұстады. Арна ұйымдастырушыларының бірі бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болып шықты. Қазір олар қамауға алынды.

Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы («Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату») және 312-бабы («Кәмелетке толмағандарды порнографиялық өнім жасауға тарту») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, прокуратура Telegram желісіндегі 8 мыңнан астам жазылушыны тексеруге кірісті. Олардың іс-әрекетінде педофилия белгілерінің бар-жоғы анықталмақ. Егер құқыққа қайшы ниет расталса, бұл азаматтар арнайы есепке алынып, уәкілетті органдардың бақылауында болады.

Прокуратура азаматтарды интернет кеңістігінде заңсыз контент таратудан аулақ болуға шақырады. Кез келген күдікті жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертеді.