Қазақстандық ата-аналар балаларға арналған SIM-карталарды сатып алуға міндеттеледі. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, балаларға арналған арнайы SIM-карталарды енгізу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланып жатыр. Бұл жаңашылдық кешенді жоспар жобасына енгізілген.
Біз операторлар балаларға арналған арнайы SIM-карталарды шығару керек деп есептейміз. Яғни, ата-ана баласы үшін міндетті түрде осы SIM-карталарды сатып алуы қажет болады, – деді Еділ Оспан.
Сондай-ақ, ол бұл SIM-карталарда қауіпсіздік сүзгілері болатынын жеткізді. Айтуынша, олар кейбір сайттар мен әлеуметтік желілерге қол жеткізуді шектейді. Осылайша, ата-аналар баласының телефонды қалай пайдаланып жатқанын бақылай алады, ал кіріктірілген сүзгілер қажетсіз контентті болдырмайды. Сонымен қатар, мобильді қосымша арқылы баланың геолокациясын анықтауға мүмкіндік беріледі.
Айта кетсек, Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сәйкес, цифрлық өнімдерді пайдалануға 13 жастан бастап рұқсат етіледі. Алайда, қазір 9-10 жастағы балалардың 60%-ының және 11-12 жастағы балалардың 66%-ының жеке аккаунттары бар көрінеді.