$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

«Балалар кез келген ойынды жүктей алмайды»: Қазақстанда жаңа шектеулер ұсынылды

Редактор
16.11.2026, 10:47
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Балалардың жеке басын нақты сәйкестендіруге мүмкіндік беретін фотосуреті бар арнайы ID-карталарды енгізу ұсынылған

Қазақстанда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа заң жобасы әзірленді. Құжатта онлайн ойындарды бақылау, цифрлық платформаларда ата-ана бақылауын енгізу және қауіпті контентті бұғаттау қарастырылған. Бұл туралы 16 қарашада Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Динара Зәкиеваның айтуынша, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы AI Құрылтай жасанды интеллект платформасының көмегімен әзірленген. Құжатта 120-дан астам түзету қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, онлайн ойындар мен қосымшаларда балаларға төнетін қауіптер, соның ішінде өзара хат алмасу және ойын ішіндегі сатып алулар туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ цифрлық өнімдерді уәкілетті мемлекеттік органның міндетті тексеруінен өткізу ұсынылады.

«Барлық цифрлық платформаларда ата-ана бақылауы функциясын енгізу көзделген. Соның нәтижесінде балалар таңбаланбаған және тексерілмеген қосымшалар мен ойындарды көре алмайды, оларға кіре алмайды және жүктей алмайды», – деді Динара Зәкиева.

Бұдан бөлек, балалардың жеке басын нақты сәйкестендіруге мүмкіндік беретін фотосуреті бар арнайы ID-карталарды енгізу ұсынылған. Құрылтай Төрағасының орынбасары балалардың білім алу құқығына қатысты мәселелерге де тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстанда 40 кешкі мектеп жұмыс істейді. Тексеру барысында кейбір оқушылардың ата-анасының талабымен үй шаруасына көмектесу немесе бауырларына қарау үшін кешкі мектепке ауыстырылғаны анықталған.

«Тоғыз айдың өзінде кешкі мектептерге 941 бала ауыстырылған. Кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына, онымен жұмыс істеу қиын деген себеппен кешкі мектепке ауыстыра салады», – деді ол.

Динара Зәкиева мұндай жағдайлардың балалар қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіретінін атап өтті.

Айта кетейік, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 158 іс-шара жоспарланған. Ал соңғы үш жылда енгізілген әлеуметтік және цифрлық тетіктер арқылы қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға қолдау көрсетілген.