Қазір елімізде жетім балаларды асырап алғысы келетін азаматтар бюрократиялық кедергілерге тап болып отыр. Бұл туралы депутат Евгений Шиповских Үкімет басшысы Олжас Бектонвқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның келтірген ресми деректеріне сүйенсек, қазір елде 21 мың 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Айтуынша, бұл балаларды асырап алу үрдісі баяу жүріп жатыр.
Елімізде 5 мыңнан аса азамат бала асырап алу кезегінде тұрғанмен, 2023 жылы 194, 2024 жылы 153 бала ғана өз отбасын тапқан екен. Бұл көрсеткіштер бала асырап алу процесінде әкімшілік кедергілер бар екенін және ұзаққа созылатыны аңғартады. Мәселені оңтайлы шешу үшін бала асырап алу рәсімін жеңілдету, оны цифрландыру және асырап алушыларды қолдау механизмін күшейту қажет, – деді Евгений Шиповских.
Сондай-ақ депутат саладағы заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барын да атап өтті.