Астана әуежайында қысқы Азия ойындарында ел мерейін үстем еткен шорт-трекшілерді жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, спортшыларды туған-туыстары мен жанкүйерлерімен қатар, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит зор қошеметпен күтіп алды.
2025 жылдың басты спорттық додасы – 7-14 ақпан күндері өткен Харбиндегі қысқы Азия ойындары қазақ шорт-трекшілері үшін алтын әріппен жазылар сәт болды. 30 жылға жуық уақытта бұйырмаған Азиаданың алтыны ерлер құрамасының еншісіне тиді. 5000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы Олимпиада чемпиондары мен әлемдік алпауыттар саналатын Қытай және Оңтүстік Корея командаларын басып озып, тарихи жеңіске жетті. Бұл жеңіске Астана қаласының спортшылары – Әділ Ғалияхметов, Айбек Нәсен және Абзал Әжғалиев өз үлестерін қосты.
Алтын медаль иегері Әділ Ғалияхметов бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбектің жемісі екенін атап өтті:
«2025 жылғы басты мақсатымыз – қысқы Азия ойындары мен әлем чемпионаты болды. Дайындығымызды мамыр айынан бастадық. Чемпиондық жолда қолданған әдісіміз – бірнеше ай бойы әзірлеген тактикалық жоспардың нәтижесі. Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары құламаса да, бәрібір оза алатынымызға сенімді болдық. Тактикамыз айлар бойы пысықталды», – деді Әділ Ғалияхметов.
Ерлер құрамасынан бөлек, әйелдер командасы да Азиадада ел мерейін үстем етті. 3000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленді. Құрамында Астана қаласының спортшылары Малика Ермек пен Мадина Жанбосынова өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Сонымен қатар, Астана спортшылары 2000 метрге аралас командалық эстафетада да күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл сайыста ел намысын Әділ Ғалияхметов, Абзал Әжғалиев пен Малика Ермек қорғады.
Қазақстандық шорт-трекшілердің жеңісті жолы тек Азия ойындарымен шектелген жоқ. Астана қаласының спортшысы Әділ Ғалияхметов Италияның Милан қаласында күні кеше өткен Әлемдік тур кезеңінде командалық эстафетада қола жүлдеге қол жеткізген болатын.