Ауылға барған дәрігерлер біржолғы төлемдерін ала алмай отыр – депутат

Редактор
21.05.2025, 17:53
Ауылға барған дәрігерлер біржолғы төлемдерін ала алмай отыр – депутат
Өңірлерде әлі күнге дейін аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесі бекітілмеген

2024 жылы 17 облыстың 6-ында ауылға барған медицина қызметкерлері заңмен қарастырылған 8,5 млн теңгелік біржолғы төлемді ала алмады. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов бұл мәселені Үкіметтің алдына қойып, медициналық кадр тапшылығын шешу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Айтуынша, Абай облысы сияқты өңірлерде әлі күнге дейін аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесі бекітілмеген. Соның салдарынан, ауылға барып еңбек етіп жүрген дәрігерлер қолданыстағы заңда көрсетілген қолдауға қол жеткізе алмай отыр.

«Абай облысы, Аягөз ауданының Өркен ауылына жұмыс жасауға барған “жалпы тәжірибелік дәрігер” маманы Айжан Алпысбайқызы ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемге қол жеткізе алмаған. Министрліктің ақпаратына сәйкес, 9 облыста “жалпы тәжірибелік дәрігер” маманы аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне енгізілген, ал қалған 7 облыста бұл мамандық енгізілмеген», – деді депутат.

Сабильянов бұл тізімге «жалпы тәжірибелік дәрігерлер» мен «дәрігер терапевтерді» енгізуді ұсынды. Себебі халық саны аз ауылдарда тек бір ғана дәрігер жұмыс істейді. Осы мәселе шешілмейінше, ауыл медицинасының жағдайы жақсармайтынын атап өтті.