Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Іс бойынша айыпталушы – марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев.
Сот отырысы барысында айыпталушы оқиғадан кейін Қазақстаннан кетіп, алдымен Түркияға, кейін Меккеге барғанын мәлімдеді.
"Мен Түркияға қашуды шештім. Жасырынуға тырыспадым, тек Құдайдан кешірім сұрағым келді. Мен не істегенімді түсіндім. 10 қарашадан кейін Түркия арқылы Меккеге сапар шектім. Он күндей жалғыз сол жерде болдым. Мен сол жерде өз-өзіне қол жұмсауды ойладым, себебі менің не істегенімді Құдайдан басқа ешкім түсіне алмайды деп сендім. Бірақ мен олардың кінәлі екеніне де сенемін, мен оларды себепсіз өлтірген жоқпын ғой", – деді Сәрсемәлиев сотта.
Оның айтуынша, әйелі Ақбаянды жалғыз қалдырғысы келмегендіктен, өзімен бірге алып кеткен.
Айыпталушының сөзінше, олар алғашында Ташкентке барған, алайда ол жақтағы шығын көлемі жоғары болғандықтан, басқа бағыттарды қарастырған. Кейін Түркияға көшу нұсқасы да талқыланғанымен, бұл жоспар жүзеге аспаған. Соңында Бали аралын таңдағанын айтты. Оның мәліметінше, жол ақысы шамамен 300 мың теңгені құраған, ал өзінде 200 мың теңгедей қаражат болған.
Сотталушы шетелде жүрген кезде тергеуге қатысты ақпараттарды бақылап отырғанын жеткізді. Ол әлеуметтік желілерде «Атырау хакері» атымен белгілі қолданушының жарияланымдарын көргеннен кейін марқұм туыстарына тиесілі SIM-карталардан құтылғанын айтты.
Сондай-ақ ол әйелі жағынан туыстарымен арадағы келіспеушіліктер туралы да пікір білдіріп, мұны растайтын аудиожазба болғанын мәлімдеді.
"Олар мені ұрып-соққысы келетінін, бірақ мұны балалардың көзінше істемейтінін айтты. “Ақбаян сауығып алсын, содан кейін одан құтыламыз” деді", – деді Сәрсемәлиев сотта.
Ол аталған аудиожазбаның іс материалдарына енгізілмегенін атап өтті.