Астаналық тұрғынның алаяқтық әрекеттері салдарынан 70-тен астам азамат Вьетнамға демалысқа бара алмай қалды. Олардың туристік жолдамалары жойылып, жәбірленушілер айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, әйел әуе билеттерін нарықтағыдан төмен бағамен ұсынып, клиенттеріне оларды арнайы байланыс арқылы сатып алатынына сендірген. Алайда, ол шынайы билеттердің орнына жалған маршруттық түбіртектерді берген. Туристер әуе билеттерге тапсырыс жоқ екенін ұшар алдында, әуежайда бір-ақ білген.
Зардап шеккендер арасында ересектер де, балалар да бар. Жалпы материалдық шығын 17 млн теңгеден асты. Адамдар тек ақшаларынан ғана емес, көптен күткен демалыстарынан да айырылды – төленген қонақүйлер, экскурсиялар және басқа да шығындар өтелмеген, – делінген хабарламада.
Алаяқ әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Одан келтірілген материалдық шығын өндірілді.