Астана қаласы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Макаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерінің заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ тергеу шетел азаматтарына Қазақстанда тұруға ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеу дерегімен байланысты болуы мүмкін екені айтылуда.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іске бірнеше мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысы болуы ықтимал.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Қазіргі уақытта істі Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп тергеп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Әлия Макаева ішкі істер органдарында 20 жылдан астам қызмет атқарған. Ол еңбек жолын 2001 жылы бастаған.
Әр жылдары Астана қаласының Есіл аудандық көші-қон полициясы бөлімінде, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінде қызмет етті. Кейін Астана қаласы Полиция департаментінің Азаматтық және иммиграция бөлімін басқарды. Одан кейін Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған.