$ 457.21
 534.62
 6.08

Астанада көктемгі жалпы тазалық жұмысы жүріп жатыр

Редактор
27.03.2026, 21:31
Фото: Астана әкімдігі
Фото: Астана әкімдігі
Есіл ауданында да көктемгі жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды.

Елорда коммуналдық қызметі қыс мезгілінен кейін қаланы ауқымды санитарлық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Бас қаланы тазалау жұмыстары жүйелі жолға қойылған.Сонымен қатар бұл шара шаһардағы барлық дерлік аудандарды қамтып отыр. 

Осы ауқымды жұмыс аясында қалалық инфрақұрылымның әртүрлі нысандары тазаланады. Қоршаулар, аялдамалар, жарық бағаналары, жол белгілері, жолдар, тротуарлар жаппай жуылып жатыр. Бірде бір аумақ назардан тыс қалмайды. 

Сонымен қатар, аула, скверлер, саябақтар және басқа да қоғамдық орындарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс кесте бойынша, белгіленген уақытта аяқталып жатыр. Бұл өз кезегінде қала келбетінің көркін сақтап тұруына септік етеді. 

Қаланың барлық ауданында санитарлық тазалау жұмысы белсенді жүргізілуде. Нұра ауданында жергілікті аумақтарды тазалау және ретке келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Жолдар жуылып, тротуарлар, көпірлер, аялдамалар және қалалық инфрақұрылымның басқа элементтері тазаланып жатыр. 

Байқоңыр ауданында санитарлық тазалаумен қатар аула, сквер және саябақтарда жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды. Балалар мен спорт алаңдары, қоқыс контейнерлері орналасқан орындар реттеліп, абаттандыру элементтері қалпына келтірілуде.

Алматы ауданында жұмыстар күшейтілген режимде жүріп жатыр – күнделікті шамамен 300 жол жұмысшысы мен 250-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жолдарды және инфрақұрылымды жумен қатар, жасыл желектерге күтім көрсетіліп, аялдамалар санитарлық тазалануда, аншлагтар мен қоршаулардың элементтерін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Есіл ауданында да көктемгі жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды. Тас төсемелер қалпына келтіріліп, Д.Қонаев көшесіндегі тіреу қабырғасының үстіңгі тақталары жөнделуде. Күнделікті қалалық инфрақұрылымның кешенді жуу жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмысқа 500-ден астам жол жұмысшысы мен 200-ден астам техника жұмылдырылған.

Сарыарқа ауданында да ауқымды санитарлық тазалау жүргізілуде. Жұмыстар жол жабындысын, жер асты өткелдерін, аула аумақтарын және көше жиһаздарын қамтиды.

Сонымен қатар, аялдамалар тазаланып, абаттандыру элементтері жөнделіп жатыр. Санитарлық тазалауға 735-тен астам техника және 253 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Қар шығару, құм-топырақ пен ірі қоқыстардан тазарту, жол жиегін жинау, тротуарлар мен көпірлерді жуу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сарайшық ауданында 200-ден астам арнайы техника мен 400 жол жұмысшысы жұмылдырылған.Қазіргі таңда қаланың барлық алты ауданында санитарлық тазалау жұмысы жүргізілуде. Тротуарлар мен жол жабындары арнайы техниканың көмегімен тазаланып, көгалды тұстар және басқа жерлер ретке келтіріліп жатыр. Осылайша, қыстан кейін бас қаламыз адам танымастай тазарып шыға келді. Бұл жұмыс әлі жалғаса бермек. Астана әкімдігі тұрғындарға үндеу тастап, ауласын, көшелерді таза үстауға үндеді. Себебі бұл ортақ міндет, ортақ жұмыс.