Астанада 35 жастағы ер адам елордадағы ойын-сауық орындарының біріне контент түсіру мақсатында атпен жолдың жүру бөлігінде және жаяу жүргіншілер жолында жүрген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Кейін ол «Бәйтерек» монументі маңына бет алған. Жолай қиылыстардың бірінде жылқы тротуарға қи қалдырып, жасыл желекке зақым келтірген. Осылайша абаттандыру саласындағы заңнама талаптары бұзылған.
«Аталған екі құқық бұзушылық фактісі бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция.
Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан Республикасының заң талаптарын сақтауды, айналасындағылардың құқығын құрметтеуді және жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін немесе қолайсыздық туғызатын әрекеттерге жол бермеуді ескертті.