Астанада алаяқтардың сall-орталығы анықталды

Редактор
16.03.2025, 17:12
Астанада алаяқтардың сall-орталығы анықталды
Cотқа дейінгі тергеу басталды

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері елордалық бизнес-орталықтардың бірінде алаяқтардың сall-орталығын анықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қаскөйлер өздерін «Техносмарт», «Байзон», «Like me shop» интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, көліктер мен пәтерлер сияқты ұтыстар туралы хабарлап, оларға салық төлеу қажетті туралы айтқан.

Жедел іс-шараларды өткізу кезінде кеңсенің 6 қызметкері ұсталды. Олардың барлығы Қазақстан азаматтары. Жеті ноутбук, маршрутизатор, wi-Fi роутер тәркіленді, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Жетісу облысында полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғысын пайдалану фактісін анықтады.

Тінту барысында 96 слоты бар жеті sim-box құрылғысы, қазақстандық ұялы операторлардың 50 мыңнан астам sim-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған деп болжанған ИЖ-53 маркалы екі пневматикалық тапаншасы және төрт армиялық каска тәркіленді, – делінген хабарламада.

Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетсек, биыл киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері барлығы 64 sim-box құрылғысын анықтап, отандық ұялы операторлардың 90 мыңға жуық sim-картасын тәркіледі.