Наурыз мейрамы қарсаңында Астана қаласындағы сервис және туризм колледж ұжымы ұмытылып бара жатқан қазақтың дәстүрлі тағамы – жентті дайындауды қолға алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шараға 15 өндірістік оқыту шебері, 31 оқытушы және 55 студент белсенді түрде қатысып, ұлттық тағамды әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Дайын өнімнің көлемі де таңғаларлық: жентке 50 келі талқан қолданылды. Оның жалпы ұзындығы – 15 метр, ені – 30 сантиметр, ал биіктігі – 4 сантиметр.
Жалпы салмағы – 150 келіге жуық.
Айта кетсек, жент – қазақтың аса шеберлікпен жасайтын әрі өте дәмді, тағамдық нәрі мол жеңсік тағамдардың бірі. Жент қыста қатпайды, жазда бұзылмайды, әрқашан дәмі мен нәрін сақтайды. Соған орай көшпелі халықтың дастарқанынан үлкен орын алған.