«Астана банкі» экс-төрағасы 10 жылға сотталды

Редактор
30.04.2025, 20:13
«Астана банкі» экс-төрағасы 10 жылға сотталды
Оның қарамағындағы менеджерлер де кінәлі деп танылды

«Астана банкі» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы және мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаров 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қылмыстық істері шеңберінде мемлекетке келтірілген залалды өтей отырып, бірқатар сот шешімі шығарылған. Оның ішінде 22 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты
«Астана Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне және қызметкерлеріне қатысты айыптау үкімін жариялады. 
 
Сот «Астана Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы және мажоритарлық акционері О.Тоқтаровты агенттік қызмет көрсету және банкроттыққа дейінгі кезеңде Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың бақылауындағы компанияның пайдасына заңсыз иеліктен шығару түріндегі Банктің ақшалай қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды, – деді Данияр Бигайдаров.
 
Ақпаратқа сәйкес, Тоқтаров жалпы сомасы 14 млрд теңгеден асатын тұрғын үй, әкімшілік және өндірістік объектілер, құрылыстар, жер учаскелері, бағалы қағаздар мен криптовалюталар түріндегі мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
 
Сондай-ақ, оның қарамағындағылар «Астана Банкі» АҚ филиалының, бөлімінің бұрынғы
менеджерлері кінәлі деп танылды. Сот оларға бас бостандығынан
айыруға байланысты емес жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.