Бүгін Сенатта «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Отырыс барысында қатысушылар мүдделі тараптармен бірге күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ іс-шарада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, еңбек адамдарын қолдаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуге және жұмыс берушілердің кадр даярлау процесіне қатысуын кеңейтуге қатысты маңызды ұсыныстар айтылды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев білікті мамандарсыз экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылықты және серпінді дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес екеніне назар аударды. Сондықтан кадр даярлау мәселесін жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру аса маңызды.
«Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға баса мән беріп отыр. Бұл – білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек идеологиясын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Білікті кадрлардың, оның ішінде негізінен техникалық мамандықтардың тапшылығына, өңірлік және демографиялық дамуда теңгерімнің болмауына, сондай-ақ, ауылдан қалаға көшетіндердің көптігіне байланысты туындаған түйткілдер аталған саладағы өзекті мәселелер ретінде атап өтілді.
Тыңдау кезінде білім беру саласы еңбек нарығының заманауи талаптарына сай болуын қамтамасыз ету, жекелеген бағыттарда жалақының төмендігі, өндірісте қауіпсіздік ережелерін сақтамау мәселелері де жан-жақты талқыланды. Осы ретте бұл проблемаларды оңтайлы шешу және жағдайды жақсарту үшін жүйелі тәсіл мен мемлекеттің, жұмыс берушілердің, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарады.
«Қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген жас кадрлардың жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті, әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттау қажет. Жұмысшылар табысының тұрақты өсуіне жағдай жасайтын өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға баса мән берген жөн. Соның ішінде заманауи технологияларды енгізудің және цифрландырудың мәні зор. Осы саладағы маңызды міндеттердің тағы бірі – өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте Парламент депутаттары тиісті заңдарды уақтылы қабылдап келе жатқанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту, алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.