Ақтөбеде жұлынған қызғалдақпен суретке түскен әкімге қатысты сот басталды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Құдайберген Жұбанов ауылының басшысы Ләззат Бердібаеваға балаларына дұрыс қарамаған деген айып тағылып отыр. Себебі, қызыл кітапқа енген гүлді шенеуніктің қыздары жұлған екен.
Сотқа жауап беруге ауыл әкімінің өзі келді. Қызғалдаққа қызыққан 34 жастағы әйел отбасымен демалыс кезінде дереу суретке түсіп, сол бойда әлеуметтік желіге жариялапты. Ал, ол табиғат аясынан оралғанша тек ауылы ғана емес, облыс бойынша ел-жұрт шенеунікті айыптауға кіріскен.
Далалық қызғалдақтардың қай түрі болмасын қызыл кітапқа енгенін айта кетейік. Сол гүлді жұлған балалары үшін енді Бердібаева сотта ақталып әлек. Далалықта ешбір ескерту тақтайшасы болмады дейді әкім. Балаларының мектебінен және өзі басқаратына ауыл ақсақалдарынан мінездеме қоса алып келіпті.
Әкім сот барысында түрін суретке және бейнетаспаға ашық түсіруге қарсы болды.
Мен балаларыммен бірге табиғат аясында болдым. Оларды қараусыз қалдырған жоқпын. Дастархан жаямын дегенше шамамен 5-7 минут аясында қолдарында гүлмен келді. Анасын қуантпақшы болған баланы дала гүлін жұлды деп айыптау негіз емес, - деді әкім.