Көлік министрлігі Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу жөнінде алдын ала есепті жариялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Есепте ұсынылған ақпарат алдын ала мәлімет болғандықтан, барлық материалдар зерттеу нәтижелері бойынша нақтыланады және толықтырылады. Жұмыс аяқталғаннан кейін барлық нәтижелермен авиациялық оқиғаны тергеу бойынша қорытынды есеп дайындалады, – делінген құжатта.
Алдын ала есепте көрсетілгендей, 2024 жылдың 25 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 11:28-де (06:28 UTC) Ақтау әуе айлағының 11-ші ұшу-қону жолағына қону барысында «Әзербайжан Хава Йоллары» - «Azerbaijan Airlines» ЖАҚ иелік ететін Embraer 190-100 IGW2 4K-AZ65 ұшағы авиациялық апатқа ұшыраған. Ұшақ Баку (UBBB)-Грозный (URMG) бағыты бойынша тұрақты J2– 8243 жолаушылар рейсін орындаған. Грозный аэродромына екі рет қона алмауы салдарынан экипаж Бакуге оралуды ұйғарған.
CVR-ден алынған жазбалар бойынша, 05:13:31-де дыбыстық соққы тіркелген, автопилотты («AUTO PILOT») және автоматты тартуды (RI «Throttle») өшіру туралы дыбыстық дабыл іске қосылған. Қайту процесінде сағат 05:13:32-де ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалған.
05:13:34 – 3-ші гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін төмендеген. 3-ші гидрожүйедегі сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген. Басқару рульдері нөлдік күйде бекітіледі және ұшу аяқталғанша осы қалыпта қалған.
05:13: 36 –тангаж бойынша әуе кемесін триммерлеу жүйесінің істен шығуы тіркелген.
05:13: 39 – FDR мәліметтері бойынша, кабинаның разгерметизациясы басталғаны (саңылаудың пайда болуы) тіркелген.
05:13:47 – «HYD 2 LOW PRESS» дабылы іске қосылған. 1-ші гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін, сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген.
05:14: 58 - CVR мәліметтері бойынша, ішкі байланыс командирі жағдайды нақтылау үшін кабина экипажына хабарласқан: «Алло, не боп қалды?». Бортсерік: «2 орындық жарылды, мен... келе алмаймын, өйткені жолаушылар орнынан тұрып кетті, соларды отырғызып жатырмын», - деп жауап берген.
05:15:57 – экипаж Грозныйға құсқа соқтығысқанын, сондай-ақ бортта 2 орындық жарылғанын хабарлаған.
05:20:24 – экипаж ұшақты басқару істен шығып жатқанын айтқан.
05:42:40 – экипаж апатты түрде қону үшін Ақтау қосалқы әуе айлағына бару шешімін қабылдаған.
05:52:39 – экипаждың хабарлауынша, кабинада оттегі таусылып бастаған, кейбір жолаушылар есінен танған, бортта оттегі баллоны жарылған, сондай-ақ жанармайдың иісі сезілетіні де айтылды. Осыған байланысты төмен биіктікте ұшуға рұқсат сұраған.
Алдын ала есептің толық мәтінімен сілтемеден танысуға болады.
Айта кетсек, авиациялық оқиға салдарынан әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38 адам) қаза тапты, 2 бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Жерге соқтығысу кезінде ұшақ қирап, ішінара өртенген.