Ақша жымқырған жеке сот орындаушылар әлі жұмыс істеп жүр – Бақытжан Базарбек

Редактор
21.04.2025, 19:06
Ақша жымқырған жеке сот орындаушылар әлі жұмыс істеп жүр – Бақытжан Базарбек
Депутат министрдің сөзіне күмән келтірді

Прокуратыра тарапынан алаяқтық жасады деп айыпталған жеке сот орындаушылары әлі де қызмет етіп жүр. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жиында Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективалары талқыланып жатыр.

Депутат Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың заң бұзған жеке сот орындаушылардың саладан шеттетілгені туралы мәліметіне күмән келтірді.

Прокурорлар біраз сот орындаушысының әрекетінен алаяқтық фактілерін анықтаған болатын. Соған байланысты кейбір сот орындаушының қызметін тоқтатқандарыңызды айттыңыз. Факті өте көп – 660. Прокуратураның 2022 жылғы 5 шілдесіндегі сол кездегі Әділет министрі Қанат Мусинге жолдаған ұсынымы бойынша 29-ға жуық сот орындаушы лицензиясынан айырылуы керек болған. Әрқайсысының сайтына кірдік. Қазір жұмыс істеп жатыр. Сонда қай сот орындаушыны лицензиясынан айырып отырсыз? Бұлар жұмыс істеп жатыр ғой. Жекелеп айтсақ, ақша ұрлап, алаяқтық жасаған сот орындаушылар әлі жұмыс істеп жүр. 2Gis-ті де ашып қарадық, жұмыс істейді. Прокуратураның ұсынымын орындауға міндеттісіздер, – деді Бақытжан Базарбек.

Министр өз кезегінде лицензиядан айыру жазасын сот шешімі арқылы ғана қолдануға болатынын, судья ондай ұсынымды қолдамаса, орындау мүмкін емес екенін атап өтті.

Сіз айтқан деректер рас болса, әр кейс бойынша аты-жөнін тексеруге дайынмын. Бұл жерде адам факторы болуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймын. Бірақ әр жағдай бойынша әділет органдары сотқа жүгінгенін айтқым келеді. Бұл ретте соңғы нүктені тек сот қояды, – деді Ерлан Сәрсембаев.