Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерге бөлінетін қаражаттың тиімді әрі уақытында игерілуіне баса назар аударды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Үкімет отырысында ол Ұлытау облысының әкіміне өткен жылы газдандыруға бөлінген қаржының тиісінше игерілмегенін сынға алды.
Өткен жылы Ұлытау облысын газбен қамтуға 3,9 млрд теңге бөлінді. Алайда олардың 77 млн теңгесі ғана игерілді. Себебі неде? – деді Олжас Бектенов.
Облыс әкімі Дастан Рыспеков қаражаттың игерілмеу себебін жобалық құжаттама мерзімінің ұзартылуы және құрылыс жұмыстарының тек жылы мезгілде жүргізілуімен байланыстырды.
«Былтыр газ құбырын салуға 3,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Жезқазған қаласында газ тарату желілерін салуға 2,9 млрд теңге бөлінді, алайда газ тарату желілері құрылысының III кезегінің жұмыс құжаттамасын әзірлеуді мерзімінің ұзаруына байланысты 2,8 млрд теңге игерілмеді және құрылыс-монтаждау жұмыстары жылы уақытта жүргізілуіне байланысты қаражат алынып тасталды. Осы жобаны одан әрі іске асыру осы жылға жоспарланған», – деді Дастан Рыспеков.
Оның айтуынша, Жезқазған қаласы бойынша 154,4 шақырым газ тарату желісі 3 677 үйге салынып, оның ішінде 1 583 үй газға қосылған (43%). 2025 жылы 2 094 үй газбен қамтылады. Жаңаарқа ауданы Атасу кентінің газ құбырын салуға бөлінген 1 млрд теңге қаражат сот рәсімдеріне байланысты игерілмеген. Биыл Ұлытау облысын газбен қамтуға 3,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражатты мерзімінде игеру жоспарланған. Барлығы облыс бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңде 18 425 үй газбен қамтылады және газбен қамту деңгейі 3,5%-тен 41%-ға дейін артады.
Басқа өңірлерде қаражат жетіспейді. Сіздерге ақша бөлінді, бірақ нәтиже жоқ. Әрекет етіңіз, – деп атап өтті Олжас Бектенов.