Президент аруларды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған.
Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де – ең алдымен, аналардың арқасы.
Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын.
Қымбатты ханымдар, Сіздер, әлемге әдемілік пен үйлесім, шаңыраққа жылылық пен жайлылық сыйлап келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету секілді айрықша жауапкершілік жүктелген. Барлық салада адал еңбек етіп, табанды да тиімді жұмыстарыңызбен мемлекетіміздің әлеуеті мен беделін нығайтып жүрсіздер.
Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды.
Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр.
Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді, – деді президент.
Сондай-ақ, президент түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекке жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды