Amanat Drive: Алматыда тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді

Редактор
03.06.2025, 15:25
Amanat Drive: Алматыда тағы бір қаржы пирамидасы әшкереленді
Салымшылардан алынған қаражат 21 млрд теңгеден асқан

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Amanat Drive» атауымен қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары азаматтарға пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуды ұсынған. Алайда бұл міндеттемелер толық орындалмаған, ал мүлік туыстары мен жақындарына берілген. Салдарынан қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыны тартқан, олардың жалпы салған қаражаты 21 млрд теңгеден асқан.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында, қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды — «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» ЖШС — пайдаланған, – делінген хабарламада.
Аталған компаниялар жалған жеткізушілер ретінде көрсетіліп, жарнама қызметтері, жылжымайтын мүлік пен көлік нарығына талдау мен болжау жүргізу секілді қызметтерді орындаған болып көрінген. Осы жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.
Қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, астанада пәтерлер, сондай-ақ HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат автокөліктер сатып алынған. Бұл мүліктер мүмкін болатын тәркілеуден жасырыну мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімделген, – делінген хабарламада.

Сот санкциясымен аталған мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды.

Қаржы пирамиданың бас ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.