«Алыпсатарлыққа жол жоқ!»: Бектенов жеңілдетілген жанар-жағармай туралы

Редактор
13.05.2025, 23:05
«Алыпсатарлыққа жол жоқ!»: Бектенов жеңілдетілген жанар-жағармай туралы
Үкімет басшысының айтуынша, бұл бірінші кезекте – әкімдіктердің жауапкершілігі

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов аграршылар үшін жеңілдікті дизель отынын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

«Белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл бірінші кезекте – әкімдіктердің жауапкершілігі. Бүгінгі таңда шамамен 220мың тонна отын жөнелтілді.

Бұны мақсатсыз пайдалану, алыпсатарлықпен өткізу және жасанды тапшылық жасау фактілеріне мүлдем жол беруге болмайды. Отынның барлық қажетті мөлшері фермерлерге бекітілген кесте бойынша жеткізіп берілуге тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ премьер-министр облыс әкімдіктеріне жанар-жағармай материалдарымен үздіксіз жабдықтау мақсатында жүйелі мониторингіні қамтамасыз етіп, жеңілдетілген дизель отынының жөнелтілген және қалған көлемі туралы жаңартылған ақпаратты апта сайын Энергетика министрлігіне ұсынуды тапсырды.