«Алтын виза»: шетелдіктер елімізде 10 жылға дейін тұра алады

Редактор
04.05.2025, 17:26
«Алтын виза»: шетелдіктер елімізде 10 жылға дейін тұра алады
СІМ бастамасымен жаңа қағидалар бекітілді

Қазақстанда шетелдіктерге арналған ерекше виза енгізілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны рәсімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.

Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады, – делінген СІМ хабарламасында

«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалын сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.