Көлік прокурорлары жалпы құны 100 млн теңгеден астам контрабандалық тауарларды мемлекет кірісіне айналдырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Алматы әуежайындағы кедендік бақылау кезінде пошталық сәлемдемелердің бірінен АҚШ-тан ойыншық түрінде жалған құжаттармен гауһар тастары бар зергерлік бұйымдар жеткізілгені анықталған.
Көлік прокуратурасының талап-арызы бойынша Түрксіб аудандық соты тәркіленген жалпы құны 60 млн теңгені құрайтын зергерлік бұйымдарды мемлекет меншігіне өткізді, деп жазылған прокуратура мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Алматы көлік прокуратурасының тағы бір талап-арызы бойынша сот Түркиядан геотекстиль атын жамылып келген жалпы құны 48 млн теңгеден асатын тауарларды мемлекет кірісіне айналдырған.