Алматыда қоғам назарын аударған жол-көлік оқасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Мемлекеттік айыптаушы Әлібек Күмісбеков соттан айыпталушы Александр Пакты кінәлі деп танып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Прокурордың айтуынша, жаза қауіпсіздігі ең төменгі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтелуі тиіс. Сонымен қатар ол соттан айыпталушыны өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін өткен сот отырыстарының бірінде жол апатынан қаза тапқан Томиристің әкесі жәбірленуші ретінде танылған болатын. Судья тиісті өтінішті қанағаттандырған.