Тағы бір тастанды сәби табылды. Бұл жолы көкек ана жаңа туған сәбиін Алматы қаласындағы екіқабатты үйдің кіреберісіне тастап кеткен, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Жерде шырылдап жатқан шақалақты байқаған тұрғындар бірден полицияға хабар берген. Үйдің екінші қабатында жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полиция келгенше кезектесіп, қарап отырған.
Қазір нәресте ауруханаға жатқызылған. Ал бейкүнә баласынан бас тартып, қараусыз тастап кеткен көкек-ана іздестіріліп жатыр.
"Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.