Алматыда бизнесті бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Редактор
04.06.2025, 14:15
Алматыда бизнесті бопсалаған қылмыстық топ ұсталды
Олар Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында әрекет еткен

Алматы қаласында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыстық топқа қатысы бар жеке күзет мекемесінің заңсыз әрекетін әшкерелеп, жолын кесті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Тергеу барысында қылмыстық элементтердің шағын және орта бизнес нысандарын толық бақылауға алу мақсатында ойын-сауық орындарының басшылары мен қызметкерлеріне физикалық және моральдық қысым көрсетіп, заңсыз әрекеттер жасағаны анықталды. Кейіннен олар кәсіпкерлік нысандарын күшпен басып алып, сол жерлерде «қауіпсіздік» қызметін жүзеге асырған.

Қылмыстық топ мүшелері Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталды. Барлығы қылмыстық топтың 20 мүшесі ұсталды.

40-тан астам тінту жүргізіліп, жеті атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде үш кесілген мылтық, Макаров тапаншасы, Калашников автоматы және 100-ден астам оқ-дәрі алынды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, өз бетінше билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Топтың жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Фигуранттардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.