Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицейдің сол күні жұмыста болғанын дәлелдейтін құжат бар

Редактор
07.05.2025, 02:36
Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицейдің сол күні жұмыста болғанын дәлелдейтін құжат бар
Ол қанды қылмысты жұмыс уақытында жасаған болып шықты

Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицей қанды қылмысты жұмыс уақытында жасаған болып шықты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Біздің редакцияға мұны дәлелдейтін құжат келіп түсті. Алматы облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің жұмыста болған уақыты белгіленген қағазда күдіктінің сол күні, яғни, 3 мамырда жұмыста болғаны анық көрсетілген. Яғни, таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Алматы-Бішкек трассасында қызметте болуға тиіс болған.

Алайда, күдікті таңертең жұмысқа келгенмен, түсте белгісіз себеппен кетіп қалған. Сол уақытта ол Шұғыла ықшамауданындағы пәтеріне барып, әйелін пышақтап, артынша өзінің мойнын суық қарумен орып жіберген болатын. Жантүршігерлік қылмысты ол 3 баласының көзінше жасаған.

Ал, мамырдың бірі және екісі күндері 39 жастағы ер адам денсаулығына байланысты жұмыста болмапты.

Осылайша, Алматы қалалық полиция департаменті таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын байқауға болады. Ондағылар күдіктінің Алматы облысының полиция департаментіне қарасты бөлімшелердің бірінде қызмет еткенін растағанмен, бұған дейін қызметінен қуылған деген еді.  

Күдікті бұған дейін Алматы облысы ПД-де қызмет атқарған, алайда теріс себептермен жұмыстан босатылған. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген Алматы қалалық ПД хабарламасында. 

Ал, редакция Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне бірнеше рет хабарласты. Алайда оқиға туралы ешқандай ақпарат бермеді.

 

Қазір күдікті күзеттің бақылауымен ауруханада жатыр. Ол жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Денсаулығы орташа ауыр жағдайда дейді дәрігерлер.

Қайғылы оқиға өткен сенбіде болған еді. Күйеуі аяусыз пышақтаған 34 жастағы әйел алған жарақаттарынан сол жерде тіл тартпай кеткен. Ол Ұзынағаш ауылында балабақша директоры болып қызмет еткен. Ал, кикілжіңге отбасылық жанжал себеп болған.

Көрші-қолаң ерлі-зайыптының жиі жанжалдасқанын естігендерін мәлімдеді. Қазір қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.