Қоғам және мемлекет қайраткері Аңсар Мұсаханов қайтыс болды. Бұл туралы Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев әлеуметтік парақшасына жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Осындай ауыр күнде қаралы көңілдеріңізге жұбаныш, қайысқан қабырғаларыңызға медет тілеймін. Аңсар Тұрсынханұлы еңбек жолын ауылшаруашылығы саласынан бастап, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Алматы облысының әкімі, Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі лауазымдарын зор абыроймен атқарып, облыстың, ауданның қоғамдық-саяси қызметтердің ортасында жүріп, жауапты қызметтерде халықтың ризашылығына бөленген ардақты жан еді, – деп жазды депутат.
Сонымен қатар, ол марқұмның адамгершілігі мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Өмірде болмысы бөлек, ұстанымы берік замандасымыздың айтар асыл ойлары мен халқына берер пайдасы мол еді. Өмірлік жолында адал еңбек етіп, абыроймен өткізген, оң істерінің жемісін қалдырған ардақты азаматтың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда. Марқұмның жасаған жақсылықтары сауаптан жазылсын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпақтарына және жақын туыс-бауырларына ұзақ өмір, амандық тілеймін. Жаратқан ұрпағына ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Асыл азаматтың иманы саламат болсын! – деді сенатор.