Алматы облысында заман талабына сай жаңғыртылған кітапхана ашылды

Редактор
21.04.2025, 21:41
Алматы облысында заман талабына сай жаңғыртылған кітапхана ашылды
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана пайдалануға берілді. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана пайдалануға берілді. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Ол бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ғимаратта жоғары жылдамдықты интернет, коворкинг аймақ, шығармашылық кеңістік пен заманауи әдебиеттер қоры қарастырылған.

Ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков бұл жобаның өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызына тоқталды:

Бұл жай ғана жаңартылған ғимарат емес, білімге, оқуға және дамуға жетелейтін заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың бір қадамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісінің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастырамыз, – деді Болат Күренбеков.

Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы Сәуле Досжан, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Рәсімнен кейін қонақтар жаңартылған кітапхананың жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, бұл мекеме енді тек оқу орны ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, даму мен жаңа идеялардың орталығына айналмақ.

Айта кетейік, Үкімет қаулысымен елімізде "23 сәуір – Ұлттық кітап күні" ретінде бекітілген. Мереке Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді. Сол кезде сөйлеген сөзінде Президент:

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз, – деген болатын.

Алматы облысының әкімдігі осы мақсатта қарқынды жұмыс істеуде. Болат Күренбековтің айтуынша, биыл жаңғырту жұмыстары Ұйғыр ауданындағы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы және Қарасай ауданының Жандосов ауылындағы кітапханаларда да жүргізіледі.