Алматы облысы Кеген ауданында ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерін өлтіріп, мәйітін өртемек болғаны туралы ақпарат тарады. Облыстық Полиция департаменті бұл деректі растады.
23 маусым күні полицияға таулы аймақтан мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды, - деп хабарлады полициядан.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде марқұмның жұбайы мен ұлы күдікті ретінде ұсталған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады департаменттен.