Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылған «Ғылымға қадам 2.0» жобасының ресми жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бағдарлама алғаш рет 2025 жылы іске қосылып, ғылыми ортадан түрлі себептермен алшақтаған, алайда ғылымға қайта оралып, болашақта докторантурада білім алуды жоспарлаған әйелдердің ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға бағытталған болатын.
«Ғылымға қадам 1.0» жобасы аясында 20 қатысушы іріктеліп, оларға ғылыми-зерттеу қызметінің теориялық және практикалық негіздері бойынша кешенді қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жобаға қатысқан әйелдердің екеуі докторантураға оқуға түссе, төрт қатысушы өздерінің инновациялық ғылыми жобаларын әзірлеп, патент иеленді. Сонымен қатар бірқатар қатысушылар республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуға шақырту алып, ғылыми белсенділіктерін арттырды.
Жобаның оң нәтижелері мен оған деген қызығушылықтың артуы бастаманы жаңа бағытта жалғастыруға мүмкіндік берді. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Мұғалжар аудандық білім бөлімі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум негізінде «Ғылымға қадам 2.0» жобасы іске қосылды.
Жаңартылған жоба магистр дәрежесі бар мектеп педагогтерінің ғылыми-зерттеу құзыреттілігін дамытуға, ғылыми мақала мен ғылыми жоба жазу дағдыларын қалыптастыруға және өңірдегі мектеп ғылымының сапасын арттыруға бағытталды.
Бағдарламаға Мұғалжар ауданынан 30-ға жуық педагог қатысып, бір ай бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негіздерін меңгерді. Қатысушылар ғылыми жобалар әзірлеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, ғылыми зерттеудің негізгі кезеңдерімен танысты.
Жоба барысында университет оқытушылары педагогтерге ғылыми зерттеудің теориялық және практикалық негіздері бойынша дәрістер оқыды. Сонымен қатар зерттеу тақырыбын таңдау, ғылыми мәселені айқындау, ғылыми әдебиеттермен жұмыс жүргізу, зерттеу әдістерін анықтау, деректерді жинау және өңдеу тәсілдері бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ қатысушылар ғылыми зерттеу нәтижелерін талдау, қорытынды жасау, ғылыми мақалалар мен ғылыми жобаларды рәсімдеу талаптары жөнінде әдістемелік нұсқаулықтар алды. Бұл жұмыстар педагогтердің ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырып, олардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба педагогтер тарапынан жоғары бағаланып, облыстың басқа аудандарының да қызығушылығын тудырған. Бүгінде аталған тәжірибені өңірдің өзге білім беру ұйымдарына тарату мәселесі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, «Ғылымға қадам» жобасының авторы – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова.