Әлеуметтік желілерде Ақтау көшелерінде куәгерлер түсірген видеолар таралып жатыр. Кадрда ер адам мен қыз арасындағы жанжалдың бірнеше көрінісі түсіп қалған. Видеода қызды ұстап қалудан бастап, жол бойында қудалауға дейінгі сәттер түсірілген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы lada.kz жазды. Жергілікті Instagram парақшаларында тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға бүгін, 2 тамыз күні шамамен сағат 08:00-де жағалау аумағында болған.
Видеолардың бірінде ер адамның ақ түсті жакет пен қара көйлек киген қызды ұстап тұрғаны көрінеді. Қыз қарсылық көрсетіп, босап шығуға тырысады. Сол маңда болған куәгерлер жағдайға араласады.
Жағалау маңында түсірілген тағы бір видеода ер адам мен қыздың арасындағы әңгіме жазылған. Жанжал барысында ер адам қызға: «Мен сені зорлаймын» деген қорқыту сөзін айтқан.
Ең шиеленісті сәт жол бөлігінде болған. Қыз ер адамнан қашуға тырысқан, ал ол футболкасыз күйде қызды қуалауын жалғастырған. Болған жағдайды байқаған бірнеше көлік жүргізушісі көліктерін шұғыл тоқтатып, ер адамның жолын бөгеген. Қыз өтіп бара жатқан көліктердің біріне отырып үлгерген, алайда ер адам көлікке жүгіріп келіп, есіктен ұстап қалған. Жүргізуші қызға көмектесу үшін көліктен шыққан.
Ал кадр сыртындағы куәгерлер жүргізушіден қызға көмектесіп, оны қауіпсіз жерге жеткізуді сұраған.