$ 448.44
 514.81
 5.33

АҚШ-та медиа жанжал: ірі ақпарат құралдары Трамп әкімшілігін сотқа берді

Редактор
22.09.2026, 11:13
ЖИ көмегімен жасалынған
ЖИ көмегімен жасалынған
АҚШ-тың ірі медиакомпаниялары Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ-та CNN, MS NOW және Politico медиакомпаниялары президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігіне қарсы сотқа шағым түсірді. Бұған аталған басылымдар журналистерінің Ақ үйге кіруіне тыйым салынуы себеп болды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

21 қыркүйекте үш медиакомпания Вашингтондағы федералдық сотқа бірлескен талап-арыз берген. Олар Ақ үйдің шешімі АҚШ Конституциясының сөз және баспасөз бостандығына кепілдік беретін бірінші түзетуін бұзады деп есептейді.

Бұған дейін Трамп CNN, MS NOW және Politico журналистеріне Ақ үйге кіруге тыйым салған. Президент бұл шешімін аталған ақпарат құралдары жалған мәлімет таратады деген уәжбен түсіндірді. Алайда ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерге қатысты нақты дәлел келтірмеген. Медиакомпаниялар соттан шектеуді уақытша тоқтатуды және журналистердің Ақ үйге кіру құқығын қалпына келтіруді сұрап отыр.

Ірі телеарналар Трампты түсіруді тоқтатты

CNN-нің президент сапарын түсіруіне рұқсат берілмегеннен кейін ABC, CBS, CNN, Fox News және NBC телеарналары Ақ үйдегі президенттік іс-шараларды бірлесіп бейнетүсірілімге алуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ал Ақ үй журналистердің кіруіне рұқсат беру әкімшіліктің құзырында екенін мәлімдеді. Трамп өз шешімін баспасөз бостандығына қарсы әрекет емес, жалған ақпаратпен күрес деп түсіндірді. Іс Вашингтондағы федералдық сот судьясы Тимоти Келлидің қарауына берілді. Шектеуді уақытша тоқтату туралы өтініш бойынша тыңдау 23 қыркүйекке жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау