«Тбилиси-Алматы» бағытындағы Air Astana әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы Бакудегі Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға шұғыл қонуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, борттағы жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Әуежайдың дағдарыс орталығы жұмылдырылып, жерүсті қызметтері жедел үйлестіріліп, барлық қажетті қауіпсіздік шарасы қабылданды.
Жолаушыға дереу медициналық көмек көрсетіліп, одан кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды, әрі қарай тексеру үшін қалалық ауруханаға жеткізілді, – делінген хабарламада.
Air Astana компаниясының шешімімен рейс кейінге шегерілді. Қалған жолаушылар қонақүйге орналастырылды.