Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында МӘМС-тің жұмысын сынап, біраз былықтың бетін ашты, деп хабарлады bairaqmedia.kz порталы.
Айтуынша, МӘМС-тің қазіргі моделі халыққа медицинаны қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр.
МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қаңғырттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаңғұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп, - дейді ол.
Сондай-ақ ол МӘМС жүйесі мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес отырғанын айтады.
"МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес.
Бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Бірақ енді қазір қарайтын болсақ, остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, компьютерлік томография, МРТ жүргізіледі. Себебі бұл ақша табудың “заңды жолы”. Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиникалық соғұрлым көп пайда табады. Жалпы төлемдердің тек қана бір пайызына ғана тексеріс жүргізілгенге дейін кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай, осындай шараларға баратыны түсінікті. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген де ой бізді мазалайды, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.