Әйгілі боксшы Қанат Ислам Алматы әкіміне өтініш жасады

Редактор
20.03.2025, 17:26
Әйгілі боксшы Қанат Ислам Алматы әкіміне өтініш жасады
Ол қала тұрғындарымен кездесуде екі мәселені көтерді

Кәсіпқой боксшы, Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам Алматы әкімі Ерболат Досаевқа өтінішпен жүгінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бүгін Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп жатыр. Оның барысында аудан тұрғыны ретінде әйгілі боксшы Қанат Ислам екі өтініш жасады.

Мен кәсіпқой боксшымын. 2012 жылдан бері Америкада осы еліміздің, ауданымыздың абыройын қорғап келе жатырмын. Мен өзіңізге екі өтінішпен келіп тұрмын. 2016 жылдан бері біз бокс кештерін өткізіп келеміз. 16-17 мың адамға дейін жинадық. Туризмді дамыту мақсатында осындай спорттық жарыстарды Алматыда көбірек ұйымдастырсақ деген ойымыз бар, – деді Қанат Ислам.

Ол бұл шараларға әкімдіктен қолдау мен демеушілік көрсетуді сұрады.

Екінші өтініші спорт үйірмелеріне қатысты жасалды. Қанат Ислам кәсіби жаттықтырушылардың басшылық етуімен спорт үйірмелерін ашуға ниетті екенін жеткізді.

Менде жаттықтырушылар көп: Америкадан да, осы елден бала тәриелейтін мықты спортшылар бар. Мен жеке өзімнің спорт үйірмелерімді ашқым келеді. Ауданда халық өте тығыз орналасқан. Жастардың есірткіге елікпей, спортқа ден қоюын қалаймын. Өзім 6 баланың әкесімін. Өз балаларыммен қатар басқа да қазақ балаларының спортқа ден қойып, денсаулығына мән бергенін қалаймын. Қазақтың туын көтерген азамат ретінде ауданымыздың тұрғындарына арнап, жақсы спорт үйірмелерін ашқым келеді. Соған салынып жатқан ғимараттардан орындар болса, – деді боксшы.

Қала әкімі Ерболат Досаев өз кезегінде боксшының бастамасына әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.

Расымен, балалардың қисық жолмен кетпегені дұрыс. Бұл мәселені президент Ұлттық құрылтайда көтерді. Өзіңді әлем таниды. Балаларымызды спортқа тартуға қатысты бастамаңды қолдаймын. Алдағы аптада бұл мәселені шешуге тырысамыз, өзіңді қабылдауға шақырамыз, – деді Ерболат Досаев.