Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты федерацияның баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы да мәлімдеме жасады. Олар Әділет Назарбайұлына футболды дамытуға қосқан елеулі үлесі, оның интеллектуалдық және материалдық тұрғыдан жасаған еңбегі үшін шынайы алғысын білдірген.
ҚФФ Жарғысына сәйкес, жаңа президентті таңдау үшін федерацияның кезектен тыс конференциясы шақырылмақ, оның нақты уақыты жақын арада жарияланады.
Айта кетейік, Әділет Барменқұлов 1971 жылы дүниеге келген. Бірнеше жыл бойы “Қазақмыс” корпорациясында жұмыс істеп, сондай-ақ, көлік министрлігінде де қызмет атқарған.
Футбол федерациясын 2022 жылдың ақпанынан бастап басқарған еді. Ол федерацияның президенті қызметіне сайлауда 14 дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын. Сайлауда тағы да бірнеше үміткер болды, олардың арасында Давид Лория (Астана футбол федерациясының президенті), Берік Қаниев (бизнесмен), Қайрат Оразбеков (“Қайрат” АФК иесі) және Ерлан Жарылқасынов (Қазақстан футбол әуесқойлары лигасының төрағасы) бар еді.