Ақмола облысы прокуратурасы сотталғандарды азаптаған түрме қызметкерлеріне ақтау үкімін шығарған сот шешіміне наразылық білдірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 12 ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің үкімінің негізінде Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің «№1 мекеме» РММ-нің бұрынғы 12 қызметкер ақталған. Олар Атбасар қаласындағы №1 түзеу мекемесінде сотталғандарға қатысты азаптау әдістерін қолданғаны үшін айыпталған.
Алқабилердің үкіміне сәйкес, айыпталушылар кінәсіз деп танылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмысты жасаудағы айып бойынша ақталды. Ақмола облысының прокуратурасы сот актісімен келіспей, 2025 жылы 14 ақпанда апелляциялық өтінішхат енгізді, – делінген прокуратура хабарламасында.