Қосшыда балабақша жасындағы балалар мінген микроавтобус жол апатына ұшырадыі, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға орнында жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апатқа Қосшы қаласында балаларды балабақшаға апара жатқан микроавтобус себеп болған.
2025 жылғы 9 сәуірде таңғы сағат 7 шамасында Қосшы қаласының полиция бөліміне «Орман алабы» тұрғын үй массивінде, №2 үйдің жанында жол апаты болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат кезінде кәмелетке толмаған балалар зардап шеккен болуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Тексеру барысында «Iveco» маркалы маршруттық автобус пен «Toyota» маркалы микроавтобустың соқтығысып қалғаны анықталды. Соқтығысудан кейін микроавтобус жол бойындағы аялдама павильонына соғылған. Микроавтобуста балабақшаға бара жатқан 10 бала болған. Оның ішінде 7 бала Астана қалалық ауруханасына тексерілу үшін жеткізілді.
Оқиға орнында тиісті шаралар қабылданып, апаттың нақты себептері мен кінәлі тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.