Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер өзін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынған. Инвестицияның ең төменгі көлемі 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды.
Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған.
Қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, енесіне рәсімдеген. Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен, тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.
Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді.