«Таза қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында БҚО-да 2026 жылы 14 мың тонна қалдық сұрыпталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл жөнінде БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жазды.
Аталған басқарманың мәліметі бойынша өңірде 2025 жылы 132,0 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Соның ішінде 36,7 мың тоннасы сұрыпталып, өңделді. Яғни қоқыс-қалдықты өңдеу үлесі 27,8% болды.
Облыста екі қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істейді.
Орал қаласында «GreenServiceCompany» ЖШС (қуаты жылына 100 мың тонна) және Ақсай қаласында «Digitalisation and Resycling» ЖШС (қуаты жылына 5000 тонна) қоқыс сұрыптау кешенін іске қосты.
Облыста 2 ірі зауыт және 1 цех қалдықтарды өңдеп, дайын өнімдер шығаруға маманданған.
«Кама центр» ЖШС базасында шиналар мен резеңкелерді қайта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Зауыт жылына 5500 тонна резеңке өңдей алады. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС 10 000 тонна полиэтиленді, «Үсенова» ЖК 100 тонна макулатура қалдықтарын өңдейді.
Сонымен қатар облыста ондаған ұсақ және орта бизнес субъектілері сұрыпталған қоқыстарды, яғни қайталама шикізатты қабылдау және өңдеуші зауыттарға тапсырумен айналысады. Қалдықтарды басқару саласына инвестиция тартылуда. Биыл жеке инвестиция есебінен қалдықтарды өңдейтін екі нысан пайдалануға беріледі, яғни «Тұранпромресурс» ЖШС әйнек қалдықтарын өңдеу цехы мен «Қарабалин» ЖК қоқыс өңдеу зауытын іске қосады.
2024-2025 жылдары тұрғындар арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру мақсатында Орал қаласының аумағында «ОралТаза Сервис» ЖШС қайталама шикізаттарды ақылы негізде қабылдайтын үш заманауи пункт ашылды.
Қазіргі уақытта Орал қаласында жаңа қуаты жылына 100 мың тонна қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы және қоқыстарды энергетикалық кәдеге жарату жобасына үш инвестор қызығушылық танытуда. Әкімдік инветорлармен кездесулер өткізіп, болашақта қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату бойынша инвестиция туралы келісім жасау мәселесі қарастырылуда.