Бас прокуратура Ресей Федерациясынан қылмыстық қоғамның мүшесі болғаны, аса ірі мөлшерде есірткі заттарының заңсыз айналымы мен олардың контрабандасы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Күдікті 2003 жылы Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге героин мен опий жеткізумен айналысқан қылмыстық қауымдастықтың құрамына кірген. Ол есірткіні тасымалдау, сақтау және қылмыстық қауымдастықтың басқа мүшелеріне өткізу қызметтерін атқарған.
2003 жылы Қызылорда және Қарағанды облыстарында жүргізілген арнайы операциялар барысында қылмыскерлердің бір бөлігі ұсталып, олардан 35 келі героин мен 28 келі опий алынған. Ұсталған адамдар кейін сотталған, ал күдікті құқық қорғау органдарынан қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған. 20 жыл бойы іздеуде жүрген ол өткен жылдың желтоқсанында Ресейдің Самара облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.