«17 облыс Астанаға ауыз ашып қарап отыр». Сарапшы өңірлердің неге дамымай отырғанын айтты

Редактор
5 февр. 2025 г., 00:42
«17 облыс Астанаға ауыз ашып қарап отыр». Сарапшы өңірлердің неге дамымай отырғанын айтты

Қаржыгер Сапарбай Жұбаев Астана мен Алматыдан басқа облыстар мен қалалардың қарқындап дамуы үшін алдымен басқарудың орталықтандырылған жүйесінен арылу қажет деп есептейді. Бұл туралы ол Erbol Seilkhan ютуб арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Бізде 20 өңір: 3 қала мен 17 облыс бар. Соның үшеуі ғана бүгінгі заңнама негізінде өзін-өзі қамтамасыз етеді. Бұл – Атырау, Алматы мен Астана. Қалған 17 өңір, соның ішінде Шымкент қаласы республикалық бюджеттен трансферттік жәрдемге қарап отыр. Біз сайлаулар өткізуді кешіктірсек те, ақыр аяғында оны өткізуді бастадық, бірақ соларға берілетін қаржыны тек Астанаға ауыз ашып отыратындай етіп заңнама жасап қойдық. Бұл дұрыс емес, – деді экономист. 

Сарапшының айтуынша, Швейцарияда «кантон» деп аталатын 28 жергілікті билік бар. Олар астанаға берілетін ақшаның көлемін өздері есептейді. Ал, қиын мәселелерді референдум бойынша шешеді. 

Ал, бізде ше? Алдыңғы тұжырымдама бойынша көп қызметтерді жергілікті билікке беруіміз керек еді, қазірше бәрін орталықта ұстап тұрмыз. Бір ғана мысал. Жамбыл облысында бір ауылда ішетін су жоқ, жергілікті халық жаман су ішіп отыр. «Мәселені неге шешпедің?» деп ауданға барса, аудан облысқа айтады, облыстың айтуынша, Астанадағы Экономика министрлігінің жоспарына сол ауыл кірмеген екен. Сонда бізде 6 мыңға жақын ауыл болса, 53 мың ауылдық округ бар дейік. Соның бәрін Экономика министрі шешуі керек емес. Бұл сол жердегі облысқа да шықпау керек, аудан шешу керек мәселені. Ал ол үшін ауданның қаржысы болу керек. Ауданның депутаттары шешу керек: қай жердің суын жөндейміз, қай жерден су әкелу керегін. Ал бізде бәрі орталықтандырылған. Неге? Себебі, бюрократия өте күшті, – деді Сапарбай Жұбаев. 

Қаржыгер жергілікті билікке еркіндік пен қаржы беру керек деген пікірде.

Олардың әкімі сайланып, халықтың алдында жауап беретін болу керек. Орталықтан тағайындалған адам халықты ешқашан ойламайды. Соны тағайындаған адамның бұйрығын орындауға тырысады, – деп түсіндірді сарапшы.